Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсарту, ұлттық ойындар мен дәстүрлерді насихаттау, бос уақытты тиімді әрі қызықты ұйымдастыру.
Жоба аясында №62 мектеп-лицейі 2 «Е» сынып оқушылары үзіліс уақытында ұлттық ойындарды ойнап, белсенді демалуды дәстүрге айналдырды. Балалар асықпен «Ханталапай», асық ату сияқты ойындарды ойнап, мергендікке, шапшаңдыққа және ұйымшылдыққа үйренуде.
Сонымен қатар ұл балалар арасында күш сынасу, қол күресі ойындары ұйымдастырылып, бұл олардың дене шынықтыруына, батылдық пен достық қарым-қатынас қалыптастыруына оң әсерін тигізуде. Мұндай ойындар оқушылардың қызығушылығын арттырып, үзіліс уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді.
Жоба барысында қыз балалар да ұлттық құндылықтарды тереңірек танып, шығармашылықпен айналысуда. Олар қазақтың ою-өрнектерінің атауларын үйреніп, оюларды қағаздан ойып, түрлі әдемі түстермен бояп, көркемдеп жасайды. Бұл жұмыстар оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, халқымыздың мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттырады.
Жобаның маңызы
«Dosbollike» жобасы оқушылардың:
• бір-біріне деген сыйластығын арттыруға;
• ұлттық ойындар мен дәстүрлерді танып-білуіне;
• шығармашылық қабілеттерін дамытуға;
• мектептегі жағымды орта қалыптастыруға ықпал етуде.
Қазіргі таңда 2 «Е» сынып оқушылары бұл жобаны қызығушылықпен жалғастырып, достық пен бірлікті нығайта отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде.

