Іс-шаралар

12 мамырда мектеп-лицейімізде терроризмге қарсы қорғаныс жаттығулары өтті. Аталған оқу-жаттығулары барысында мектеп қызметкерлерімен және оқушыларымен нұсқаулық өткізілді. Қызметкерлер мен оқушыларды эвакуациялау, техникалық құралдарды тексеру ұйымдастырылды. Бұл практикалық іс-шаралар терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша білім мен практикалық дағдыларды жетілдіру үшін қажет, өйткені соңғы уақытта оқушылар үшін терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселесі ерекше өткір болып тұр.
Мектебімізде жас мамандар мен тәлімгерлердің байқауы өтті. Бұл байқауға кәсіби өмірге енді қадам басып келе жатқан, жоғары оқу орнын бітіріп, өзінің алғашқы еңбек жолын біздің мектепте бастаған жас мамандар мен жыл бойы өз білімдерін, тәжірибесін бөліскен тәлімгерлер қатысты. Осы оқу жылында мектебімізге жоғары оқу орнын бітірген 6 жас маман келді. Бұл байқауға 4 жас маман қатысып, өздерінің жыл бойы үйренген әдіс-тәсілдерін, жеткен жетістіктерін және өз өнерлерін таныстырды. Біздің жас мамандар ән де айтады, поэзияға да қызығады, зергерлік бұйымдар да жасай алады. Ал тәлімгерлеріміз болса өздерінің бар білгенімен жас әріптестерімен бөлісіп, оларға барынша қолдау білдіріп, мектепте жас ұстаздардың жұмысқа барынша бейімделуіне өз ықпалдарын тигізіп келеді. Осындай байқаулар жастар арасында өзара тәжірибе алмасуға, бір-бірімен жақынырақ танысуға көмектеседі. Жастарымыз қаншалықты жақын араласып, жұмыста өзара ынтымақтастық жасаса мектебіміз жаңарып, жаңа креативті ұсыныстар түседі деп ойлаймыз. Тәлімгерлеріміздің жыл бойы жемісті атқарған жұмысына алғыс білдіріп, жас мамандардың кәсіби өміріне сәттілік тілейміз!
5 сынып оқушылары қазақ әдебиеті сабағынан «Нағыз әже қайда?» атты әңгімесіне байланысты танымдық, пікір алмасу сабағын өткіздік. Осы танымдық сабаққа «Бабалар аманаты» тарихи мәдени қорынан, «Ақ кимешек - киелім» астана аналары қонаққа келді. Төрайымы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Арайлым Рахымқызы. Мақсатымыз «Нағыз әжені көру, білу, тану» еді. Оқушылар осы қордан келген әжелермен сұхбаттасып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. 5 «В» сынып оқушылары: Сьезд Әлихан М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» деген өлеңін орындады, Ерғали Айару қыл қобызбен күй орындады, Жамиева Рабиға мың бұралып ұлттық биімізді орындады. Келген қонақтарымыз да, оқушыларымыз да көңілді, риза болып танымдық сабағымызды аяқтадық. Мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Салтанат Зиятбекқызы қордың «Ақ кимешек - киелім» әжелерімен алдағы уақытта ұлттық құндылығымызды дәріптеп, бірлесіп жұмыс жасауды ұсынды, алтын уақыттарын арнап келген әжелерімізге алғысын білдірді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері: Салтанат Зиятбекқызы, Салтанат Тілеубекқызы.
Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында 4 мамыр күні 10-11 сынып оқушылары арасында «Біз батырдың ұрпағымыз!» тақырыбында жас сарбаздар сайысы өтті. Сайыстың мақсаты: оқушылардың Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, Қазақстан халқының ұлттық, әскери, еңбек дәстүрлерін жалғастыру. Сайысқа 10 «А» сыныбынан құралған «Мәншүк Мәметова» атындағы топ, 10 «Б» сыныбынан құралған «Рақымжан Қошқарбаева атындағы топ және11 «А» сыныбынан құралған Әлия Молдағұлова атындағы топтар қатысты. «Білімді мыңды жығады» атты І кезеңде оқушылар Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ жауынгерлері туралы сұрақтарға жауап берді. «Еңбек ептілікті сүйеді» тақырыбындағы ІІ кезеңде ұлдар картоп ашудан, қыздар түйме қадаудан сынға түсті. «Шынықсаң шымыр боласың» атты ІІІ кезеңде гир тасын көтеру, отжимания жасау және арқан тартудан күш сынасты. «Өнерлінің өрісі кең» атты IV-кезеңде сайыскерлер сахналық қойылым қойып, ән айтып өз өнерлерін көрсете білді. Сайыс соңында әділ қазылар алқасы оқу ісінің меңгерушісі: Сармолда С.А., мектеп менеджері Шалабаев Ж., алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі: Махат Б.Ж. сайыстың қорытындысын шығарып, жеңген командаларды анықтады. Нәтижесінде «бас жүлде» -10 «А» сыныбы, І-орын 11 «А» сыныбы, 10 «Б» сыныбы ІІ-орынға ие болды. Сайыс соңында мектеп директоры Букушев А.Б. сайысқа қатысқан командаларға риза болып, ыстық ықыласын білдірді. « Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін біз жанымызбен,тәнімізбен қызмет етеміз тіпті сол үшін жанымызды пида қылуға дайынбыз деп өзімізді де,жастарды да тәрбиелеуіміз керек» ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаев айтқандай жүрегі «елім» деп соғатын тұлғаны тәрбиелеуде осындай іс-шаралардың ықпалы зор. Сайысты ұйымдастырушы: тарих пәні мұғалімі Нугуманова Ж.Д.
Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы ұрпақты тәрбиелеу мақсатында №62 мектеп –лицей ұжымы 2023 жылдың 4 сәуірінде сағат 11.00-дегі «Еркін ел ұрпағы» атты жалпыұлттық патриоттық диктантты бір кісідей үлкен жауапкершілікпен атқарды. Мектебіміздің аралас сыныптарындағы оқушылар мен мектептің барлық қызметкерлері тілді білу, сауатты жазу, ұлттық құндылықтарды терең игеру деңгейлерін сынауда белсенділік танытты. Жаппай диктант жазу барысында әр тұлғаның патриоттық сезімдері жалынды оттай керемет күйге бөленді. Өз ұлтым, өз жұртым, өз тілім, өз жерім дейтін патриоттар - диктант мәтінін зор мақтанышпен орындады. Өзге тілде сабақ жүргізетін мұғалімдеріміз ұлттық тілдегі «Еркін ел ұрпағы» атты мәтінді насихаттауға мүдірместен даяр болды. Ғасырлар бойы тәуелсіздік пен бостандықты аңсаған ата-бабаларымыздың арманына куә болған ұрпақ, халқымыздың қайсар рухын жалындатуға, биік шыңда асқақтатуға әрқашанда дайын!
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы № 22-32-18.454 тапсырмасымен Мемлекет басшысының электоралдық кезеңде берген жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында мамыр мерекелері мен Жеңіс Күні қарсаңында жасына қарамастан барлық қазақстандықтардың қатысуымен «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктанты өтеді. 2023 жылғы 4 мамырда сағат 11.00-де «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктантын өткізу уақыты деп белгіленді.
Бастауыш сынып онкүндігі аясында 18-сәуір күні бастауыш сынып мұғалімі Сәрсенбай Жансая Ботақызы 1"Е" сыныбында Жаратылыстану пәнінен "Табиғи дыбыс көздері" тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ең алдымен сабақта оқушыларға психологиялық ахуал тудыра білді. Үй тапсырмасын қайталау кезінде "Құмсағат ойыны" әдісін қолданды, Жаңа сабақтың басында, тақырыпқа байланысты видеосабақ көрсетілді. Сабақтың ортасында жұптық тапсырма, ұжымдық тапсырмалар берілді. Тақырыпты қорытындылау барысында "Фотоаппарат ойыны" әдісі арқылы балалардың білімі тексерілді. Оқушылар сабаққа өте белсене қатыса білді. Жаратылыстану пәніне деген қызығушылықтары одан әрі арта түсті.
Бастауыш сынып мұғалімдері әдістемелік бірлестігі онкүндігі аясында бастауыш сынып мұғалімі Жанибекова Т.Е. 1 “Г” сыныбында ана тілі пәнінен “Тау.Заттың қимылын білдіретін сөздер” тақырыбында ашық сабақ өткізді.
1 – Мамыр халықтар достығы күніне орай мектебімізде Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында, Елорда халықтық хор ұйымының ұйымдастыруымен "Өнерім - өмірім" атты концерт өткізді. Мектебіміздің оқушылары үлкен ата-апаларымыздан үлгі - өнеге ала білсе нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі жастар ертеңгі елдің – тұтқасы.
24 сәуір күні мектебімізде "Білім жолын бастаған,бастауышым бастамам " атты онкүндігінде 4 "Д" сынып оқушыларымен әдебиеттік оқу пәнінен "Бейбіт өмір тамаша" тақырыбында мұғалім: Нуржанова Гульбахыт Абдисадыковна ашық сабақ өткізді. Сабақта цифрлық ресурстар толығымен қамтылды.Сабақ жоғары дәрежеде өткізілді.Оқушылар белсенділікпен ат салысты.
14.04.2023ж. Ғылым апталығы аясында т.ғ.к., профессор З.Е.Колумбаева 62-ші мектеп —лицейінде «Мамандық таңдаудың 5 қағидасы» тақырыбында тренинг—семинар өткізді. Онда мамандық таңдаудағы заманауи 5 қағида нақты талданды. Тренинг—семинар барысында оқушылар бойындағы 5 қабілет—қасиеттері жаздырылып, оны толықтыруға кеңес берілді. Сонымен қатар, мамандық таңдау тек 10-11-ші сынып оқушыларына ғана емес, жұмысы барларға да қатысты екені айтылды. Мамандық таңдау өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны таңдау. Қоғам дамыған сайын мамандықта өзгеруде. Сол себептен де, жастар арасында ой салатын семинар—тренингке оқушы жастар, өз сұрақтарына жауап алғандары жайлы кері байланыс берді.
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастырған «Психологтардан челлендж» бейнероликтер байқауына қатысқан 103 педагог-психологтің ішінде мектебіміздің педагог-психологі Аяулым Құдайбергенқызы III дәрежелі дипломмен марапатталды. Аяулым Құдайбергенқызын бүгінгі жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқашан биіктен ғана көрініп, жеңісті күндеріңіз көп болсын!